Қаңтардың 17-і күні сағат 13.00-де Алматының орталық алаңындағы Тәуелсіздік ескерткіші жанына келген Жалпыұлттық социал-демократиялық партия жетекшілері Қазақстанда жексенбі күні өткен кезектен тыс
парламент сайлауының алдын ала ресми нәтижесін мойындамайтындарын
мәлімдеп, жиналған жұрт алдында сөйледі деп хабарлады Азаттық тілшілері.
Оппозициялық партия жетекшісі Жармахан Тұяқбайдың айтуынша, бұл жерге партияның саяси бюро мүшелері ғана келген. «Өйткені халықты қанға бөктіргіміз келмеді» деп түсіндірген Тұяқбай «бұдан кейін биліктің ережесімен жүрмейміз» деп мәлімдеген.
ЖСДП бас хатшысы Әміржан Қосанов өз сөзінде: «Қазақстанда 15 қаңтарда демократия өлді» деп айтқан.
Сондай-ақ бұл жиында ЖСДП мүшелері Болат Әбілев, Гүлжан Ерғалиева, Балташ Тұрсынбаев, Маржан Аспандиярова сөйлеген. Оппозиция өкілдері қаңтардың 28-і сағат 12-де Алматы қаласындағы Абай мен Достық көшелерінің қиылысында тағы жиналатындарын айтқан.
Оппозиция белсенділері алаң маңынан тасалау жерде ішінде полиция жасағы бар бірнеше автобустар тұрғаны туралы айтқанымен, ескерткіш маңына полиция киіміндегі бірен-саран кісі мен прокуратура өкілі ғана келді хабарлады Азаттық тілшілері.
Бұған дейін Жалпыұлттық социал-демократиялық партия жетекшілері Қазақстанда жексенбі күні өткен кезектен тыс
парламент сайлауының алдын ала ресми нәтижесін мойындамайтындарын
мәлімдеп, қаңтардың 17-і күні сағат 13.00-де Алматының орталық алаңына наразылық жиынына шығатыны туралы хабарлаған еді.
Дүйсенбі күні ЖСДП-ның тең төрағасы Болат Әбілев сайлаудағы заң бұзу фактілерінің барлығын тексеріп, кінәлілерді жауапқа тартуды талап етті.
– ЖСДП сайлауды бұрмалағандардың аты-жөндерін жариялай бастаймыз. Олардың арасында билік өкілдері де болады. Біз оларға демократиялық елдерге бара алмайтын мәртебе беруді талап етеміз, – деді Болат Әбілев.
Ресми мәлімет бойынша, парламент мәжілісіне билікке жақын «Нұр Отан», «Ақ жол» және Қазақстан халықтық коммунистік партиясы өткен.
Сайлауға бақылау жасаған ЕҚЫҰ-ның парламенттік ассамблеясы Қазақстандағы парламент сайлауы демократиялық талаптарға сай өткен жоқ, билік шынайы плюралистік сайлау өткізуге жағдай жасамады деген баға берді.
– Біз парламентке кемінде екі партия өкілін өткізу ниетінің бар екенін байқадық. Бірақ билік шынайы плюралистік сайлау өткізуге қажетті жағдай жасамады, – деп
мәлімдеді ЕҚЫҰ парламенттік ассамблеясының төрағасы Жоао Соареш дүйсенбіде.
ЕҚЫҰ-ның парламенттік ассамблеясының миссиясы кейбір саяси партиялардың сайлауға қатыстырылмай қалғанын және бірқатар үміткерлердің қандай да бір заңдық негізі болмаса да сайлаудан шеттетілгенін айтқан.
АҚШ мемлекеттік департаменті халықаралық бақылаушылардың Қазақстандағы парламент сайлауы халықаралық стандарттарға сай өтпеді деген пікірімен келісетінін білдіріп,
арнайы мәлімдеме таратты. Онда «Қазақстанда 15 қаңтарда өткен парламент сайлауы демократиялық ұстанымдарға сай келмейді және сайлау барысына оппозициялық партиялардың араласуына кедергі жасалды» делінген.
Қазақстан қоғамы
«көппартиялы парламентке мұқтаж екенін» айтқан президент Нұрсұлтан Назарбаев былтыр қарашаның 16-сы күні парламент мәжілісін таратып, 2012 жылы қаңтардың 15-інде елде мәжіліс депутаттарының
кезектен тыс сайлауын өткізу туралы жарлық шығарған.