Жаңалықтар     
 
 

 
 
 
Iздеу  
СIЛТЕМЕЛЕР  
-
ОСДП АЗАТ / Жаңалықтар / 16.01.2012 - ЖСДП: «Сайлау қорытындысы бұрмаланса, наразылық шарасына шығамыз»
16.01.2012 - ЖСДП: «Сайлау қорытындысы бұрмаланса, наразылық шарасына шығамыз»
  Версия для печати

Парламент сайлауының алдын-ала қорытындысы шықпай жатып, президент Нұрсұлтан Назарбаев «Нұр Отан» партиясы мүшелерін «сенімді нәтижелермен жеңіске жеткенімен» құттықтап үлгерді. Оппозиция сайлау қортындысы әділ шығарылмаса наразылық акциясына шығатынын ескертті.


Экзит-пол сауалнамасының нәтижесі бойынша: "Нұр Отан" - 81,3 пайыз,
"Ақ жол" демократиялық партиясы - 7,2 пайыз, Қазақстан халықтық коммунистік партиясы - 7,1 пайыз дауыс алған.

Ал Жалпыхалықтық социал-демократиялық партиясы - 1,5 пайыз, "Ауыл" социал-демократиялық партиясы - 1,2 пайыз, "Әділет" демократиялық партиясы - 0,9 пайыз және Қазақстан патриоттар партиясы - 0,8 пайыз дауыс иеленген.

«БҰРМАЛАУШЫЛЫҚТЫҢ КӨКЕСІ»

Жалпыхалықтық социал-демократиялық партиясының бас хатшысы Әміржан Қосанов ЖСДП экзит-пол қорытындысымен келіспейтінін айтып, «бұл - бұрмалушылықтың барып тұрған көкесі» деп атады.

- Өйткені, бұған керек десеңіз, біз ғана емес, тіпті бізге немқұрайлы қарайтын адамдардың өздері күліп жатыр. Сондықтан мұның бәрі қазіргі таңда Ақорданың маңайындағы әлеуметтанушылардың тапсырма бойынша жарияланатын сайлау қорытындыларына алғашқы артиллериялық дайындық деп білеміз, - деді Әміржан Қосанов қаңтардың 16-сы күні Азаттық тілшісіне.

Ол кезектен тыс парламенттік сайлаудың алдын-ала қорытындысы бұрмаланатын болса, наразылық шарасын өткізетінін айтады. 

- Біз алдын-ала қорытындысын күтеміз. Бірақ егер көпе-көрнеу бұрмалаушылық болатын болса, біз міндетті түрде наразылық акциясын өткіземіз. Оның формасын партия мүшелері өзара ақылдасып, шешеді, - деді Әміржан Қосанов.

«ЖАҒЫМДЫ ЖАҢАЛЫҚ»

Экзит-пол қорытындысын «жағымды жаңалық» деп атаған Қазақстан халықтық коммунистік партиясының бірінші хатшысы Владислав Косарев әйтсе де, жеңіс тойын тойлауға әлі ерте екенін айтады.

- Ол жерде аса көп адам сұралмаған. Небәрі шамамен 1500-2000 адам жауап берген. Оған қарап, қандай да бір қорытынды жасау қиын, - деді Владислав Косарев.

Сайлау бойынша қандай да бір қорытынды жасауға «Әділет» партиясы төрағасының орынбасары Уәлихан Қайсар да асықпады. 

«ТЕҢДЕССІЗ САЙЛАУ»

Ал президент Нұрсұлтан Назарбаев қаңтардың 16-на қараған түні экзит-полдың қорытындысы белгілі болғаннан кейін «Нұр Отан» партиясы мүшелерімен кездесіп, өзі басқаратын партияның мүшелерін «сенімді жеңісімен» құттықтады.

Президенттің айтуынша, бұл «жариялығы, ашықтығы, тазу өтуі жөнінен теңдессіз сайлау болған». Ол Жаңаөзен тұрғындарының «сайлауға аса белсенділігін» де атап өтті.

- Біздің азаматтарымыз тұрақтылық, тыныштық, толеранттық, көп ұлтты халқымыздың достығы үшін дауыс берді. Тіпті Жаңаөзендегі оқиға бізді одан әрі біріктірді. Жаңаөзендіктердің өздері де өте белсенді дауыс берді, олар да біздің бағытымызды қолдады деп сенемін. Бұл қазақстандықтардың топтасқанын, олардың тұрақтылықты сақтауға деген ықыластарын білдіреді, - деді президент Нұрсұлтан Назарбаев.

Ресми дерек бойынша, Маңғыстау облысы бойынша сайлаушылардың 74,2 пайызы дауыс берген.

ӘЛЕУМЕТТІК ЖЕЛІЛЕРДЕГІ ПІКІРЛЕР

Дүйсенбіге қараған түнгі сағат 12-ден кейін экзит-пол қорытындысы белгілі болғаннан кейін әлеуметтік желілерде интернет-қолданушылардың пікірлері пайда бола бастады.

Қазақстаннан тыс жерде жүрген оппозиция өкілі Ержан Досмұхамедов Азаттық тілшісіне Фейсбук арқылы: «Кез-келген авторитарлы мемлекеттегідей нәтижесін алдын-ала болжауға болатын еді» десе, саясаттанушы Данияр Әшімбаев: «Жалпы мұндай көрсеткіштер болатынын күткен едім. Бірақ сайлауға бұдан да аз адам қатысады деп ойлаған ем» деп жазады.

Ал саясаткер Серікжан Мәмбеталин: «Енді ЖСДП митингпен жауап беруі керек немесе өздерін оппозиция емес екенін мойындаулары керек» деп жазыпты.

Белсенді интернет-қолданушы Тимур Бектұр «туиттерде»: «Бейшара ЖСДП... Жылайтын болды тағы да...» деп жазса, Амангелді Құрметұлы есімді журналист «ЖСПД тағы алданды, билік ҚХКП орнына "Әділетті" өткізсе де ренжімес едік. Компартия деген атының өзі қазақтың құлағына түрпідей тиер» деп жазады.

Қаңтардың 15-і күні Қазақстанда кезектен тыс мәжіліс және мәслихат сайлауы өтті. Орталық сайлау комиссиясы оған сайлаушылардың 75 пайызы қатысқанын хабарлады.

«Сайлау туралы» заңға сәйкес, сайлау учаскесінде дауыстарды санап шығу уақыты санау басталған кезден бастап 12 cағаттан аспауы тиіс. Орталық сайлау комиссиясы сайлаудың алдын-ала қорытындысы қаңтардың 16-сы күні шығуы мүмкін екенін мәлімдеді.
Қаңтардың 16-ына қараған түні жарияланған экзит-пол қорытындысына сәйкес, парламент сайлауында үш партия: «Нұр Отан», «Ақ жол» және Қазақстан коммунистік халықтық партиясы жеті пайыздық межеден өткен.

 
   
"АЗАТ" Жалпыұлттық социал‑демократиялық партиясы - 050000, Алматы қ-сы, Қажымұқан к-сі, 70. Тел. +7 727 296 52 22