Жаңалықтар     
 
 

 
 
 
Iздеу  
СIЛТЕМЕЛЕР  
-
ОСДП АЗАТ / Жаңалықтар / 15.12.2011 - МЕРЕЙТОЙ ЕМЕС, МЕРЕЙ... ОЙ немесе түйткiлдi Тәуелсiздiк туралы
15.12.2011 - МЕРЕЙТОЙ ЕМЕС, МЕРЕЙ... ОЙ немесе түйткiлдi Тәуелсiздiк туралы
  Версия для печати

Әмiржан ҚОСАНОВ, «Азат» ЖСДП-ның хатшысы

 
Бүгiнгi билiктi онша ұнатпаймын. Бiрақ Отанымды бiр адамдай сүйемiн. Және бiр қазақтай той-томалақты да жақсы көремiн. Десек те, келе жатқан Тәуелсiздiктiң 20 жылдық мерейтойына менiң көзқарасым, шынын айтайын, екiұшты­лау.
Бiр жағынан, қып-қызыл ком­му­нистiк идеологиядан құтылып, Мәскеудiң теперiшiнен арылғанымыз – қуанарлық жайт. Соның құрметiне бiр той жасап жiберсе де артық болмас.
Алайда екiншi жағы тағы бар. Неге сонша келте қайырамыз? Сонда 1991 жылға дейiнгi атам қазақ не бiтiрген?! Тым тереңге бармай-ақ қояйын, Қазақ хандығы, Алаш Орда, Қазақ Кеңестiк Социалистiк Республикасын тарих тақтасынан тықсырып тастаймыз ба?
Алаштың ғана емес, Адамзат тарихының төрiнен орнын ойып алған, осы классикалық үлгiдегi мемлекеттерде ғылыми тұрғыдан алғанда тәуелсiздiк нышандары болмады ма?
Сондықтан келе жатқан мере­кенi мен өз басым Жаңаша Тәуел­сiздiк күнi деп қабыл аламын.
 
“ЖАҚСЫ-ЖАМАН”  20 ЖЫЛ
 Базбiреулер секiлдi “20 жыл бос­қа өттi” деп бiржақтылық таныт­қым келмейдi.
Сөз жоқ, ауыз толтырып мақтанарлық жеңiстер мен жетiстiктер жетедi (оларды тiзбелемей-ақ қоя­йын, бүгiнгi “Егемен Қазақстан” мен оның пiкiрбасарларын оқи салыңыз).
Менiң айтайын дегенiм басқа ой: егер де билiк құрылымы басқаша болғанда, сол табыстарымыз он есе, жоқ, жүз есе көп болар едi!
Ел аралап жүрiп, билiктi сынасам, кейбiреулер маған уәж айтады: “Әмiржан, осы күнiмiзге тәуба! Аш отырған жоқпыз, қара нан жеп, қара су iшiп отырсақ та, соғыс жоқ. Осыдан артық не керек?!” – деп.
Менiң уәжiм мынадай: егер де билiк өз халқының бақылауында болғанда, қалың ел қара уылдырық болмаса да, сары май жағып жер едi сол нанына!
Ел iшiндегi татулық пен тыныштық туралы билiк көп айтады! Бiрақ ат төбелiндей байлар мен миллиондаған кедей-кепшiк боп қақ бөлiнген қоғамда әлеуметтiк түсiнiстiк бар деп айта аламыз ба? Оның үстiне соңғы кезде елдi дүр сiлкiндiрген жарылыстар мен қайғылы қазалар 20 жыл бойғы аңыздың да быт-шытын шығарған сияқты!
Нелiктен жетiстiктер турасында сөз қозғалғанда, осы жылдар iшiн­де ел дамуының суығына тоңып, ыстығына күйген қаймана халық пен көптеген жеке тұлғалар туралы емес, тек қана билiк, ал соңғы кезде тек қана қазiргi президент жа­йында айтылады?
Менiңше, аттың жалында, түйенiң қомында айқасып жүрiп, аумағына бес Франция сыйып кететiн Атырау мен Алтай, Арқа мен Алатау арасындағы ұлан-байтақ жердi сақтап қалған атам Қазақтың байырғы тәуелсiздiгiнiң тағы бiр кезеңi, жаңаша Тәуел­сiздiгi бұл! Бүгiнгi билiктiң бабын табамыз деп, сол тұлғаларды тәрк етпейiк! Жағымпаздықтың да шыдам се­кiлдi, бiр шегi болуы керек емес пе?!
16 желтоқсанда той өтедi. Қасиеттi Сыр мен қасiреттi Аралдың қақ ортасында орын тепкен Сапақ атты мен туған боранды бекетке жаңа кiтапхана салуға жетпей жатқан қыруар ақша тағы да шашылады. Бiрақ тойдан бiз ой түйе аламыз ба?..
Тәуелсiздiктi бiз сөзсiз нәрсе ретiнде қабылдаймыз. Мен болсам, мынадай сұрақ қойғым келедi: “Сол Тәуелсiздiк не үшiн керек?”
Кез келген мемлекет тәуелсiз­дiгiнiң кем дегенде төрт мақсат-ұстыны бар. Бiрiншiден, ол билiктi өз қолыңа алып, елдiң шаруашылығын тиiстi деңгейде жүргiзу (экономика). Екiншiден, халықтың ла­йықты өмiр сүруiне негiз құру (әлеуметтiк саясат). Үшiншiден, мемлекеттi басқару iсiн неғұрлым әдiлеттi жүргiзу (саяси өмiр). Төр­тiншiден, сырттағы ешкiмге тәуелдi болмай, басқалармен терезесi тең қарым-қатынаста болу (сыртқы саясат).
Соларға шағын мерейтойлық шолу жасап көрелiк.
 
ҚАТАРДАН ҚАЛУ ҚАУПI
Сөз жоқ, кешегi Кеңес одағындағы жүз пайыз жоспарлы экономикадан әп-сәтте мүлдем басқа дүние-нарық әлемiне көшу оңай шаруа болған жоқ. Заңдар өзгерiлiп қана қойған жоқ, 70 жыл бойына санаға сiңiп кеткен экономикалық психологияның, тұтас сана-сезiм­нiң быт-шыты шығарылды! Бұған дейiн мемлекеттiк патернализмге ғана арқа сүйеп келген бiр емес, бiрнеше ұрпақ не iстерiн бiлмей, абдырап қалды!
Қазақстандағы “ғасыр қитұр­қысы” мынаған саяды: еркiн нарық заңдары жеме-жемге келгенде баршаның iскерлiк әлеуетiн арттырудан гөрi кешегi бiр елдi асырап келген орасан зор байлықтың ат төбелiндей бiр топтың қолына өтуiне негiз боп қалды! Кеше миллиондар ел қатарлы өмiр сүрсе, ендiгi жерде бiр топ миллиардер өз қалтасынан бiр тиын да шығармай, сол мил­лиондардың үлесiн иемденiп алды!
Ең сорақысы – қазiр соның бәрiн қайта қалпына келтiру қиынның қияметi!
Кез келген экономиканың тұ­рақтылығының мықты кепiлi – шағын және орта бизнес. Мәселен, АҚШ секiлдi дамыған елдерде ШОБ ұлттық жалпы өнiмнiң 50-55 пайызын құрайды. Ал бiздегi ресми көрсеткiш – 31 пайыз.
Яғни, экономика тұрақтылығының ең басты шаруасы шешiлме­ген!
Осы жайтқа асығыс-үсiгiс Кеден одағына, ендi Еуразиялық одаққа кiруiмiздi қосыңыз. Яғни, ендiгi жерде Қазақстан экономикасы Ресей мен Беларусь экономикасына жiпсiз байланып қалып, дербес дами алмайды. Беларусь валютасы “зайчиктiң” бағамының күнi кеше еселеп құлағанын еске алыңыз! “Зайчик” еңкейсе, онымен бiр кеңiстiкте айналымға түскен теңге мен рубль бойын тiк ұстай ала ма?
Экономика ғылымында “диверсификация” деген ұғым бар. Яғни, шығарылатын өнiмнiң саны мен түрiн ұлғайту, сату нарығын қайта бағдарлау арқылы бiржақты экономиканың құрылымын өзгерту, жетiлдiру, көп бағытты ету. Сыртқа күн сайын жөңкiп жатқан мұнай-газ, алюминий мен хромнан тұратын өнiмнiң саны мен түрi ұлғайды ма? Жоқ! Сол баяғы қазба байлықтан түзiлген жартас – сол жартас!
Мәселен, Мемлекетаралық статистика комитетiнiң мәлiметi бо­йынша биылғы жылы ғана Қазақстан өнеркәсiптiк өнiм (шикiзат емес!) шығару жөнiнен ТМД елде­рiнiң көш соңында қалыпты. Көшбасшы кiм дейсiз бе? Көршi Қырғызстан! Олай болса, кеше ғана президент дүйiм жұрт көзiнше салтанатты түрде ашып жатқан индустриалды-инновациялы даму бағдарламасына енетiн кәсiпорын­дарды сол комитет бiлмей ме екен? Әлде мерейтой қарсаңындағы дәстүрлi көзбояушылық па мұның бәрi?
 
ПОЛЬШАДАЙ ПӘРМЕНIМIЗ ЖОҚ ПА?
Әрбiр адамға қатысы бар әлеуметтiк саланы алайық.
Мойындау керек, бұл салада атқарылған жұмыс жоқ емес. Жыл сайын (әсiресе, сайлау қарсаңында!) жалақы мен зейнетақы кө­бейтiлiп тұрады. Ондай шараларды ресми БАҚ-тар “ТМД-да болмаған шара!” – деп бөркiн аспан­ға лақтырады. Сөйтiп, Қазақстанды жер үстi мен асты жарымаған Грузия мен Қырғызстан, Армения мен Тәжiкстанмен салыстырып, озат қатарына қосады.
Ал мен болсам, қазақ қарттарының, мәселен, кеше ғана социалистiк лагерьде бiрге болған Шығыс Еуропа елдерiндегiдей зейнетақы алғанын қалар едiм! Мәселен, Болгарияда орташа зейнетақы 120 еуро, Польшада – 430 еуро, яғни 24 мың теңге мен 86 мың теңге. Орташа алғанда 55 мың теңге. Нелiктен мұнайы мен газы жоқ осы елдер өз зейнеткерлерiне осындай жағдай жасай алады? Билiк неге бiздiң осы iспеттес ойларымызды “популизм” деп, келемеждейдi? Әлде өздерi ешқашан да таза зейнетақыға өмiр сүрмейтiнiн бiлген­нен соң мұрнын шүйiре ме?
 
ЕГЕМЕНДIКТI ЕЛЕМЕГЕНДIК?
Тәуелсiздiктiң ерекше танылар әрi сыналар тұсы – сыртқы саясат. Яғни ығай мен сығайдың ортасында өз елiңнiң түпкiлiктi мүддесiн лайықты қорғай алуың. Бiзде осыған толық мүмкiндiк бар ма?
Мәселен, кеше ғана негiзi қаланып, бiздiң билiк қос колын көтере қолдаған Еуразиялық одақтың “ұлттық деңгейден жоғары тұрған” органдары болады. Яғни, бiз кейбiр шешiмдердi Ресей мен Беларусьпен келiсiп алып қана қабылдай аламыз. Осы екi елдiң өздерiнiң жеме-жемге келгенде бiзден бөлек шыға келетiн мүдделерi мен мақсаттары бар емес пе? Сол салқын бiзге әсер етпейдi деп кiм кесiп-пiшiп айта алады?
Бiр сөзбен айтқанда, төрткүл дүниенiң тегеурiндi елдерiнiң қию­лас­қан мүдделерiнiң iшiнде Қазақстанның даусы дербес шыға ма? Әлде “одақтас” әрiптестердiң қаба­ғы мен көңiлiне қарап қаламыз ба?
 
МЕНШIК ИЕСI – БИЛIК ИЕСI?
Мемлекеттiң саяси құрылымы туралы әңгiме тiптi бөлек. Тәуел­сiздiктiң алғашқы кезеңiнде елде бiршама демократиялық дәстүрлер дамығаны рас. Ол кезде президен­тiмiз де нағыз демократ едi! Жоғарғы Кеңес депутаттарының алдына өз аяғымен барып, кезектi бағдарламасы мен нақты кадрларын ұсынып, оларды жақтап, уәжiн айтатын, депутаттардан қолдау сұрайтын. Шынымды айтсам, сол президенттi сағынамын!
1995 жылы бәрi бiр күнде өзгере салды. Жаңа Конституция қабылданып, бар билiк бiр адамның қолына шоғырланды! Парламентiң – пәрменсiз, Үкiметiң – дәрменсiз, баспасөзiң – бейшара, нәтижесiнде қоғам – қауқарсыз боп шыға келдi!
Алғашында “мұның бәрi жедел түрде экономикалық реформаларды қолға алып, посткеңестiк дағдарыстан шығу үшiн ғана керек, кейiн жағдай қайтадан қалпына келедi!” делiнiп едi. Қайдам... 16 жыл өттi, жағдай керiсiнше, одан сайын сорақыланып барады. Билiктiң бақылаусыздыққа бойы үйренiп, дәндiгiп қалған сияқты.
Сананы болмыс анықтайды деген Маркстiң сөзiн әлi ешкiм жоққа шығара қойған жоқ. Олай болса, бiздiң саяси жүйе – қалыптасқан экономикалық жүйенiң айна-қатесiз көшiрмесi. Яғни, кiм меншiк иесi болса, сол билiктiң де иесi болады! Осы қарапайым формула алыстағы ауыл мен Астанада үстемдiк құрып, өкiмет пен халық арасындағы бiрден-бiр анықтауыш боп отыр!
Осының бәрiне елдегi моральдық-психологиялық ахуалды қосыңыз. Оның екi аты бар: қорқыныш пен... жағымпаздық.
Саяси қарсыластарды ату, соттау, түрмеге жабу, елден қуу өзiнiң “жемiсiн” берiп жатыр. Елдi үрей елесi кезiп жүр. “Сен тимесең, мен тименизм” дертi жаулап алған.
БАҚ-тардан күнделiктi толастамай жатқан жағымпаздық пен көзбояушылық культi тiптi асқындап кеттi! Сөз жоқ, президенттiң елге сiңiрген еңбегi баршылық. Бiрақ оны Құдаймен, Пайғамбармен те­ңеу­дiң қажетi бар ма оның өзi­не? Жоғарыдағы жағымпаздар жарысын көрiп өскен өскелең ұрпақ қандай болады?! Осындай құлдық дерлiк дәстүр жағдайында рух, сана тәуел­сiздiгi туралы әңгi­ме қозғаудың өзi бiртүрлi ыңғайсыз...
 
НЕ IСТЕМЕК КЕРЕК?
Нарықтың осы кеткенi кеткен. Бiрақ екi нәрсенi жуық уақытта мiндеттi түрде шешу керек деп ойлаймын.
Бiрiншiсi, экономиканың бет-әлпетiн анықтайтын мәселе – меншiк мәселесi. Халыққа стратегиялық сипаттағы меншiктi қайтармай, билiктi қайтару мүмкiн емес! Соны шешу керек! Меншiктiң барар жерi, қаржының құяр жерi – шот! Бiзде оның аты қызық, мәнi – шыжық. Ол – оффшор! Яғни, қазба байлықты сатудан түскен миллиардтар бюджетке емес, оффшордағы құпия шоттар арқылы белгiлi-белгiсiздердiң қалтасына түсiп жатыр. Сол тәртiптi жою керек
Осы мәселенi шешсек, екiншi маңызды шаруа да реттеле бастайды, яғни пайдалы қазбаларды сатудан түскен табыс оффшор емес, мемлекеттiк шотқа түсiп, әлеуметтiк сала да қайта түлер едi. Жалақы мен зейнетақыны көтеруге, басқа да шығындарға “табылмай” жат­қан қаржы табыла қалады! Яғни, мемлекеттiң әлеуметтiк функциясын күрт арттыру қажет! Оған барлық мүмкiндiк бар.
Өз басым Қазақстанның алыс-жақын әрiптестермен ынтымақтасуына қарсы емеспiн. Бiрақ ол шаруа екi түрлi шарт негiзiнде жүзеге асуы керек: кез келген ұжымдасу формасы елiмiздiң түпкiлiктi мүддесiне титтей болса да нұқсан келтiрмеуi тиiс және де ұлттық деңгейден жоғары тұрған органдар құру туралы шешiм тек қана референдум арқылы шешiлуi қажет!
Соңғы жайттың саяси өмiрге тiкелей қатысы бар. Өйткенi жаңаша Тәуелсiздiктiң тумысынан бо­йына бiткен бiр үлкен кiлтипаны бар! Және, менiңше, ол жайт Тәуелсiз­дiктiң таяудағы болашағын анықтайтын секiлдi! Оның мәнiсi мынада: сол жаңаша Тәуелсiздiк шынайы демократиялық ұрандар мен талаптар негiзiнде дүниеге келдi. Уақыт өте ол құндылықтар жоғала бастады.
Олай болса, осындай тұғырлы қасиеттерiнен айырылып қалған сол Тәуелсiздiктiң ертеңгi күнiне алаңдамағанда, неге алаңдаймын мен?!

 
   
"АЗАТ" Жалпыұлттық социал‑демократиялық партиясы - 050000, Алматы қ-сы, Қажымұқан к-сі, 70. Тел. +7 727 296 52 22