|
| ОСДП АЗАТ / Қызметі / Мәлімдемелер, үндеулер / 23.02.2010 - «Қазақстанның Кедендік одаққа кіруіне байланысты шұғыл мемлекеттік шаралар қабылдау қажеттігі туралы» «АЗАТ» ЖСДП ПАРТИЯСЫНЫҢ МӘЛІМДЕМЕСІ |
 |
| 23.02.2010 - «Қазақстанның Кедендік одаққа кіруіне байланысты шұғыл мемлекеттік шаралар қабылдау қажеттігі туралы» «АЗАТ» ЖСДП ПАРТИЯСЫНЫҢ МӘЛІМДЕМЕСІ |
|
«Қазақстанның Кедендік одаққа кіруіне байланысты шұғыл мемлекеттік шаралар қабылдау қажеттігі туралы»
«АЗАТ» ЖСДП ПАРТИЯСЫНЫҢ МӘЛІМДЕМЕСІ
Жыл басталмай-ақ күрт көтерілген тауар бағалары мен коммуналдық тарифтер онсыз да қалтасы жұқарып, «шықпа жаным, шықпамен» отырған халықты одан сайын діңкелетті, жүйкесін тоздырды. Тақыр кедейді көбейтетін көп себептің бірден-бірі және ең бастысы — еліміздің Кедендік одаққа еш дайындықсыз, бас-көз жоқ қойып кетуі. Биліктің «өзім білемдікпен» алды-арты ойластырмай оңаша қабылдаған орашолақ шешімі Қазақстанның ұлттық қауіпсіздігі мен аса маңызды әлеуметтік-экономикалық мүдделеріне қатер төндіретін кезекті және арғы түбі шикі геосаяси ойындардың заңды жалғасы екені анық. Кедендік одақты еліміздің шикізатын бауырына басып, иен байлықты оңды-солды шашып жатқан олигархтардың мүддесі үшін ойластырғаны аққа қара жаққандай айқын. Ал тәуелсіз Қазақстанның 20 жылдық тарихындағы биліктің бітпейтін бюрократиялық шырғалаңдарынан өтіп, енді ғана қаз тұра бастаған нақтылы өндірістік сала — отандық шағын және орта бизнес жарқабаққа тіреліп, болашағы бұлдыр болып тұр. Ал осыдан кейін Қазақстанның экономикалық тұрғыдан бәсекеге қабілеттілігі, әлеуметтік тұрақтылығы туралы, мемлекетіміздің саяси дербестігі жайында сөз қозғаудың қисыны қала ма? Біздіңше, қалмайды! Осыған байланысты «Азат» ЖСДП биліктен ел экономикасын монополисттер мен олигархтардың шеңгелінен шығарып, отандық шағын және орта бизнеске дем беретін, Кедендік одақтың теріс салдарынан халықты қорғай алатын нақтылы шараларды кейінге қалдырмай, тез арада қабылдауды талап етеді. Атап айтқанда мына мәселелерді шұғыл жүзеге асыру қажет деп санаймыз: - елдегі жалақы мен зейнетақыны Кедендік одақтан туындайтын себептерге және коммуналдық тарифтерге сәйкес индексациялау; - шағын және орта бизнесті 5 жылға дейін салықтан толық босату, - шағын және орта бизнесті үстемесі 6 пайыздан аспайтын несиемен қамтамасыз ету; - лицензияланатын тауарлар мен қызметтер тізімін, сондай-ақ халықтың қауіпсіздігі мен денсаулығына нұқсан келтіруі мүмкін жағдайлардан өзге шағын және орта бизнесті тексеруге қойылатын талаптар мен оны тексеретін мекемелердің санын мейлінше қысқарту; - шағын және орта бизнесті коммуналдық және электр желілеріне тегін қосу; - мұнай өндіруші мен тау-кен істері компаниялармен жасалған келісімшарттарды қайта қарап, оларға жасалған алуан түрлі жеңілдіктерді алып тастау; - мұнай мен металға салынатын кедендік баж салығын Ресей Федерациясындағы баж салығының деңгейіне дейтін көтеру; - шағын және орта бизнесті жеңілдікпен несиелеу үшін ұлттық қордан жылына 3 миллиард доллар бөлу. «АЗАТ» ЖСДП 27 наурыз күні Алматыда және еліміздің басқа да қалаларында осы талаптарды қолдауға шақыру жөнінде жалпыхалықтық митингілілер мен пикеттер ұйымдастыраты туралы хабарлайды. «АЗАТ» ЖСДП мұнан кейін де халықтың және отандық бизнестің мүддесін қорғайтыны туралы мәлімдейді. Өйткені ол ел экономикасының дамуы мен халықтың әл-ауқатының өсуінің негізі болып табылады!
Алматы қ, 23 ақпан 2010 ж.
|
|