|
| ОСДП АЗАТ / Қызметі / Баспасөз-мәліметтері, хабарламалар / 06.01.2012 - Маңғыстаудағы жағдайды зерттеу жөніндегі Тәуелсіз Қоғамдық комиссияның баспасөз хабарламасы |
 |
| 06.01.2012 - Маңғыстаудағы жағдайды зерттеу жөніндегі Тәуелсіз Қоғамдық комиссияның баспасөз хабарламасы |
|
Жаңаөзенде жарияланған «төтенше жағдайдың» өзі тұрақтылыққа нұқсан келтіретін фактор болып отыр!
6 қаңтар күні Маңғыстаудағы жағдайды зерттеу жөніндегі Тәуелсіз Қоғамдық комиссия мүшелері Болат Әбілев, Гүлжан Ерғалиева, Рысбек Сәрсенбайұлы, Зәуреш Батталова және Мұхтар Тайжан Ақтау және Жаңаөзен қалаларында, Шетпе стансасында болып қайтты. Комиссия мүшелері облыс орталығында Маңғыстау өңірінің жаңа әкімі Бауыржан Мұхаметжановпен, Жаңаөзенде қала коменданты Аманжол Қабыловпен, сондай-ақ, Ішкі істер министрлігі мен Бас прокуратурадан келген тергеу тобының жетекшілерімен кездесті. ТҚК мүшелері жауапты тұлғаларға бүкіл қоғамды мазалап отырған сауалдарды қойды: 16-17 желтоқсан күндері бейбіт және қарсусыз халыққа атылған оқ салдарынан қайтыс болғандар мен жараланғандардың нақты және шынайы саны қанша? Халыққа қарсы оқ атуға бұйрық берген кім? Ұсталғандарды қинау, оларға зорлық-зомбылық көрсету жағдайлары болды ма? Ұсталғандардың арасында қаза болғандар немесе жараланғандар бар ма? Шенеуніктермен арадағы әңгімеде айтарлықтай жаңаша мәлімет алған жоқпыз. Олар күнделікті айтылып жатқан ресми жауаппен шектелді. Яғни, Жаңаөзенде 16 адам қайтыс болып, жүзге жуығы жараланған. Ал Шетпеде 1 адам қаза болып, 12 адам жарақат алған. Із-түссіз жоғалғандар жоқ, «тергеу кезінде заңға қайшы әдіс-тәсілдерді пайдалану оқиғасы болған жоқ». Алайда, Шетпеде ұсталғандардың туған-туыстары ТҚК мүшелеріне басқаша мәлімет беріп отыр. Олар ұсталғандардың жағдайы ауыр екенін, оларды ұрып-соғатынын, туған-туыстарымен және адвокаттармен жолықтыруды шектегенін жеткізді (12 адамға 1 қорғаушы). Қоғамдық комиссия мүшелеріне Жаңаөзен қаласының орталығына баруға мүмкіндік жасалды. Алайда, автобустан шығуға және қала тұрғындарымен сөйлесуге (тіпті, көңіл айтып, ықылас білдіру үшін де) рұқсат етілмегендіктен, «Хабарда» күн сайын айтылып жатқан қираған және қалпына келтіріліп жатқан қаладан өзге ештеңені көре алған жоқпыз. Шенеуніктер барлығы тергеу нәтижесінде белгілі болатынын, кінәлілердің анықталатынын және барынша қатаң жазаға тартылатынын қайталаумен болды. Жаңаөзендегі тергеу тәсілдерін ескерер болсақ, ол сәт те алыс емес секілді. Осындай «кінәлілер» қатарында күні кеше ғана ұсталған «Халық майданының» мүшелері Айжангүл Әмірова, сондай-ақ, Роза Төретаева мен Талғат Сақтағанов та болуы мүмкін. (ТҚК мүшелерінің бұл азаматтармен кездесуі мүмкін болмады. Себебі ҰҚК, комендатура, ІІМ және Бас прокуратура өкілдері одан үзілді-кесілді бас тартты). Жаңаөзендегі «төтенше жағдайдың» сақталуы мен 31 қаңтарға дейін ұзартылуының өзі біздің күдігімізді расқа айналдырып отыр. Тәуелсіз Қоғамдық Комиссияның табанды пікірі – Жаңаөзенде жағдай тұрақты, саяси немесе азаматтық құқықтарды қосымша реттеу және шектеудің ешқандай қажеттілігі жоқ. ТҚК мүшелерінің түйінді пікірі: Жаңаөзендегі «төтенше жағдай» режимінің өзі тұрақтылыққа нұқсан келтіретін факторға айналып отыр. Өйткені, «төтенше жағдай» шынайы қылмыстың ізін жауып, істі бұрмалауға және жазықсыз жандардың күйіп кетуіне себепкер болып отыр. Біз Жаңаөзендегі төтенше жағдайды алып тастауды, заңсыз ұсталғандарды босатуды және аймақтың қалыпты өміріне қайтып келуін талап етеміз!
|
|