Қызметі       
 
 

 
 
 
  • Мәлімдемелер, үндеулер
  • Баспасөз-мәліметтері, хабарламалар
  • БАҚ жарияланымдары
  • Бастамалар мен заңжобалары
  • Iздеу  
    СIЛТЕМЕЛЕР  
    -
    ОСДП АЗАТ / Қызметі / БАҚ жарияланымдары / 15.03.2007 - Миллиард миға сыятын қаржы ма?
    15.03.2007 - Миллиард миға сыятын қаржы ма?
      Версия для печати

    Ораз Жандосов: 2 миллиард долларға 200 мектеп салуға болады

    Миллиард миға сыятын қаржы ма?

    “Форбс” журналы әлемдегі миллиардерлер тізімін жария етті. Байлығы 1 миллиард доллардан асатын сол алпауыттардың қатарына Қазақстаннан жеті адам енген екен. Олардың төртеуі – Владимир Ким, Александр Машкевич, Патох Шодиев және Алиджан Ибрагимов елдің еті үйренген “ежелгі” фигуранттары болса, биыл олардың қатарына Нұрсұлтан Назарбаевтың қызы – Динара мен күйеу баласы Тимур Құлыбаев және “Казкоммерцбанкі­нің” бір иегері Нұржан Сұбханбердин қосылыпты.

    Айта кету керек, бұл арада қазақстандық жас түріктердің бір серкесі саналатын Нұржан Сұбханбердиннің миллиардерлер қатарына енуі ұлттық бизнес үшін мақатанарлық оқиға болса керек. Себебі Нұржан өз серіктерімен бірге “Казкоммерцбанкін” тақыр жерде тұрғызды. Ол банкінің түпкі тегінде кеңестік заманнан қалған мұра жоқ. Сондықтан, бұл банкінің бір иегері өз дәулетін өз қолымен жасады деуге берік негіз бар.

    Ал қалған алтауы ше?

    Олардың жөні басқа. Мәселен, “Форбста” өткен жылғы тізімде 258 -орында 2.8 миллиард доллар байлығымен тұрған  “Қазақмыс” корпорациясының иесі Владимир Ким биыл бірден 142 орынға секіріп шығыпты. Оның бір жыл ішіндегі байлығы екі есеге өсіп, 5.5 миллиард долларға жеткен. Қазіргі әлемдік экономикадағы тартысқа толы бәсекелестік жағдайында ол өз дәулетін қалайша екі есеге “өсіре алды”? Бұл – сөз жоқ, қазақ халқының барлығына ортақ қазба байлықтарының есебінен пайда болған өсім. Ал Израилбдің азаматы Машкевич пен бельгиялық төлқұжаттың иесі болған  Шодиев  пен Ибрагимовтің былтырғы 382- орындағы 2 миллиард доллары биыл 538- орынға шегініп, байлықтарын 100 миллион долларға “азайтып” алыпты.

    “Форбстың” тізіміне іліккен Тимур және оның Динарасы – әрқайсысы 2,1 миллиард доллар байлықты қалай тапты? Оларға осынша байлықты кім мұраға қалдырды? Төменде жарияланып отырған пікірлерге көңіл аударыңыз.

     

    Болат Әбілев: Төрт миллиард доллар бір вагонға сыя ма?

    – Қазақстандағы қазіргі нарық жағдайында миллиард доллар байлыққа ие болу қиын ба?

    – Әрине жоқ. Қолдаушың болса, қиын емес. Бірақ, бұл тізім­дегі Нұржан Сұхбан­бер­диннің табысы та­за еңбекпен келгеніне кепіл бола аламын.

    – Ал қалғандары ше?

    – Олардың табысына күдігім көп. Мысалы үшін, Машкевич, Ибрагимов, Шодиев және Ким дайын ши­кізатты сауадалау арқылы байлықа ие болғанын бұл күнде бесіктегі бала біледі. Олар кеңестік кезеңнен қалған шикізат көздері мен оны өндіретін кәсіпорын­дарды ел көзінен тасада меншіктеп алды. Бюджетке ол өндіріс­тен қанша қаржы түс­іп жатқанын, соңғы он шақты жылдың көле­мінде қаншалықты қар­жы сыртқа кетке­нін ешкім білмейді.

    Оның есебін сұрап жат­қан да ешкім жоқ. Еліміздің экономикасына олардың қандай мөлшерде инвестиция құйып жатқаны тағы белгісіз.

    – Ал сіздің замандастарыңыз Тимур мен Динара қалайша миллиардер атанды деп ойлайсыз?

    – Оған ойланып, бас қатырудың қажеті жоқ. Ерлі-зайыпты Құлыбаевтар елді билеп отырған “отбасының” мүшелері. Барлық жауап осында. Ал тарқатып айтар болсақ, Тимурдың танымал бизнесші екендігі тіпті де мәлім емес. Оны бизнес әлемін­дегілердің өзі бірінші кезекте президенттің күйеу баласы ретінде ғана таниды. Оның өз қолымен жасаған бизнесін атап бере аласыз ба?

    – Жоқ. Рахат-күйеудің қант сатқанын білем…

    – Көрдіңіз бе?! Мемлекеттік қызметте жүріп, Ұлттық компанияны басқарған кез­інде қаржыны молырақ табуына мүмкіндік туды. Әсіресе, Халықтық банкті  жекеше­лендіріп алуының өзі неге тұрады. Кеңестік кезде ол Жинақ банкі­сі, орысшалап айтқанда “Сберегательнай банк” деп аталды. Ондай мүдіріссіз жұмыс істеп тұрған дап-дайын үлкен қаржылық құрылымға ие болып, миллиардер атану қиын емес.

    Қазақстандағы біраз ауқатты азаматтар өз байлықтарын еселей түсу үшін күні-түні тынбай, еңбек етуде, маңдай терімен табыс табуда. Ал енді біреулер  бұрынғы мемлекеттік меншікке аяқ асты ие болып, бюджетке көк тиын да төлемей, байып шыға келеді. Бұл бүгінгі биліктің бет-бейнесін айқындайтын жағдай.

    – Ал 90-шы жылдарда шыққан “Бутя”, “Акцепт”, “Райымбек”, “Глотур”, “Астана-Холдинг” және тағы басқа танымал компаниялардың иелері миллиардер болуы мүмкін бе еді? 

    – Әрине мүмкін! Бірақ, олардың миллиардерлер қатарында болмауына әлсіз бизнесші болғандары кінәлі емес. Біздегі бизнестің жолын биліктің басқару жүйесі айқындайды: жақсаң – жақсысың, жақпасаң – өз күніңді өзің көр. Міне, сіз атап шыққан фирманың иелері өз күндерін өздері көріп, сөйте тұра аухатты адамдар қатарына жеткен азаматтар. Олар миллиардер емес, миллиардер болуға асығып жүр деп айта алмаймын. Бірақ, олар таза бизнестің адамдары. Оған дауым жоқ.

    – Болат мырза, осы аталған фирмалар қазақстандық шикізат секторын игеруден неге тыс қалды?

    – Оның жағдайын тағы да биліктен сұраңыз. Бір мысал айтайын: Ресейдігі жекешелендіру саясаты кезінде жергілікті-ұлттық бизнестің мүддесі бірінші кезекке қойылды. Шетелдіктердің иелігіне ешқандай мүлік немесе қазба байлығы берілмеді. Бүгінгі күнге дейін шетелдік компанияларды экономиканың кейбір секторына жібермеу жөнінде заңы бар. Бізде бәрі керісінше. Билік – қайдан келгені белгісіз “инвесторларға” ірі кәсіпорындарды беріп, олардың шексіз баюуына мүмкіндік жасап жатыр. Қазақстандық  бизнеске, қазақ бизнесіне ешуақытта ірі өндіріс ошақтарын иеленуге мүмкінідік жасалмады. Отандық бизнесмендердің деңгейі ешкімнен төмен емес, білімі де, білігі де жетеді. Ал осыны ескеріп отырған билік жүйесі жоқ.  

    – Бөке, сіз де мол ақшаның “дәмін білетін” жігітсіз ғой, осы миллиард доллар деген қандай ақша? Оны көз алдымызға қалай елестетуге болады?

    – Айтып сұрамаңыз – өте мол ақша. Бір миллион доллардың қандай мөлшерде болатынын бір кезде Иманғали Тасмағамбетов айтқан еді ғой, есіңізде ме?

    – Иә-иә, есімде, “Наурызбанкіге” байланысты дау туғанда айтпап па еді?..

    – Сонда ол бір миллион долларды 16 киллограм демеп пе еді. Бір миллион бір дипломатқа сыяды десек, 1 миллиардқа мың дипломат қажет деген сөз. Енді осы есепті Тимур  мен Динараның 4.2 миллиарды мөлшерімен елестетіп көріңіз. Төрт мың дипломатыңыз бір вагонға сыя қояр ма екен?

    – Оны қара халық біле қоймас, Бөке. Босқұрсақ жұртты бұндай қиын есеппен қажауға болмас…

     

    Ораз Жандосов: 2 миллиард долларға 200 мектеп салуға болады

    – Ораз Әлиұлы, маман-қаржыгер ретінде айтыңызшы, Тимур Құлыбаевтың екі миллиард долларына біздің елде әлеуметтік тұрғыда не істеуге болады?  

    – Әрине, әлеуметтік саланы түп-тамырымен тік тұрғызуға жете қоймас.  Дегенмен,  зейнетақыны екі есеге көбейтуге болар еді. Бірақ бұл қаржы тек бір жылға ғана жетеді.

    – Келесі жылға Динараның 2 миллиарды бар емес пе?

    – (күлді). Жалпы мен біреудің қалтасындағы ақшаны санағанды жөн көрмеймін…

    – Ол, әрине, жақсы қасиет. Бірақ, мен де Тимур мен Динараның қалтасындағы ақшаны меңзеп тұрған жоқпын. Екі миллиард долларға не істеуге болатынын білгім келеді…

    Егер осы қаржы білім беру саласына жұмсалса, онда Қазақстанда 200 мектеп салуға болады. Әрі ол мектепті соңғы үлгімен – спорттық-жаттығу залымен, жүзу бассейнімен, кабинеттерін компьютерлік  технологиямен жабдықтауға болар еді. Егер Қазақстандағы екі жүзден астам ауданға және кіші қалаларға осындай бір-бір мектеп салсақ, біраз баланың заман талғамына сай білім алуына жағдай жасалады деп білем.

    – Ендеше, Динараның 2 миллардына тағы да 200 мектеп салсақ, онда әр ауданда екі мектептен болады екен-ау, ә?

    – Онда сіз өз есебіңізге Машкевичтің тобындағы 6 миллиардты, Кимнің бес жарым миллиардын қосыңыз. Сонда 12 миллиард долларға жуық қаржыға мыңнан астам мектеп салуға болар еді. Яғни, ондай жағдайда Қазақстанның мектеп проблемасы шешілді дей беріңіз…

     

     

     

    Асылбек Қожахметов: Бір жылда жүз мың әйел бұл ақшаға алаңсыз бала туар еді

    – Асылбек мырза, екі миллиард долларды қайда сақтауға болады?

    – Әрине, банкіде…

    – Жоқ, “тірі” ақ­шаны айтам, оны қандай мөлшердегі бөлмеге сыйғызуға болар еді?

    – Ондай ақшаны қолыммен ұстап, көзіммен көрмеппін… Мұрсат беріңіз – есептеп көрейін… Яғни, бір бума 100 долларлық банкноттың көлемін текше метрмен есеп­тейтін болсақ… онда қаладағы қарапайым қазақтың 20 шаршы метрлік залын лықа толтыруға болатын сияқты.

    – Енді осы 2 миллард долларды қандай әлеуметтік қажеттілікке жұмсауға болар еді, оны есептеп көрмедіңіз бе?

    – Менің есебіме біздің елдегі әйелдер қауымы реніш таныта қоймас деп ойлаймын. Егер Ресей елін­дегі сияқты демографиялық жағдайды жақсарту үшін әр ана­ға 10 000 доллардан берілетін болса, онда бір жылдың ішінде жүз мың әйел ешқандай алаңсыз қазақтардың санын 100 мың адамға көбейтер еді.

    – Онда Динараның 2 миллиардына тағы да 100 мың бала “туғызуға” болады екен-ау!?

    –“Форбс” атаған қазақстандық миллиардерлер барлық қаржысын демографияға жұмсаса, халық саны екі жылда бір миллионға артар еді…

    Бақытгүл МӘКІМБАЙ,

    “D”

     

     

    Төлен ТОҚТАСЫНОВ: Ана мен балаға былтыр он екі миллион доллар ғана бөлініпті

    Төлен мырза, біздің жаңа миллиардер-лермен таныса сала басыңызға қандай ой келді?

    Ой емес, алдымен күлкі келді

    Қандай күлкі? Біз хабарласқан басқалар ашулы сөз айтып жатыр

    – Күлмегенде қайтесің – бір жылдың ішінде Тимур мен Динара 4 миллиард 200 миллион долларды қайдан ал­ды? Әлемге әйгілі мил­ли­ар­дерлердің байлығы ғасырлар бойы – атадан балаға мұ­ра болып қалыптасқан. Ал біздің екі шырақ бір жылдың ішінде төрт миллиард тауыпты. Олардың байлығы жылдар бойы жинақталған болса, “Форбстың” былтырғы ті­зі­мінде тым болмағанда бір жарым миллиардпен аталар еді ғой. Осыдан кейін күлмей көр…

    – Білетіндердің айтуына қарағанда, былтыр Халық банкі өз акцияларын Лондон биржасына шығарған соң, банкінің қожайындары байлар қатарына кіруге “мәжбүр болыпты” ғой…

    – Олай болса, олардың жария нарыққа шығармай, тығылып жатқан байлығы қанша – есептеп көріңізші: мұнай, газ, мұнай мен газ жабдықтары, мұнай-тасымал құбырлары, т.т. тізе берсек, Қазақстанның жарты экономикасын атап шығуға болады.

    – Сонда олардың жариясыз жатқан мүлкі мен қаржысы қанша деп ойлайсыз?

    – Қанша екенін бір құдай білсін, бірақ осы 4 миллиардтан кем емес деп ойлаймын.

    – Ал енді осы төрт миллиардты қандай өлшеммен есептеуге болады?

    – Мен бірден Интернеттен өткен жылғы ел бюдже­тінің орындалу есебін ізде­дім. Бюджеттің шығысына көз салып, жағамды ұстадым. Мәселен, былтыр денсаулық сақтаудың барлық саласына 80 миллиард теңге жұмсалыпты…

    – Ол сомаңыз долларға шаққанда қанша болады?

    – Тимурдың бір жылғы “табысымен” салыстырғанда көп емес – 650 миллион доллардың маңындағы ақша. Яғни, Құлыбаевтардың жария байлығы елдегі денсаулық сақтау саласын төрт жыл қаржыландыруға жетеді екен.

    – Иә-иә, қызық екен…

    – Қызық ештеңесі жоқ, ел бюджетіне шұқшия берсең, жылағың келеді. Мысалы үшін, былтыр ана мен баланың денсаулығын қорғауға 12 миллион ғана доллар жұмсалыпты. Ал бүткіл халық пен Мұхтар ағамыз Шаханов бастаған ат төбеліндей депутаттар “қазақ тілі” деп шабынып жүр ғой – оған жұм­салған қаржы бес жарым мил­лион доллар ғана. Оның өзі тек қана қазақ тілі үшін емес, Қазақстандағы барлық тілдерді дамытуға жұмсалыпты.

    – Ал ауылдағы халыққа бюджеттен не бұйырыпты?

    –Су, орман, балық, егінді қосып есептегенде, ауыл шаруашылығына 600 миллион доллар жұмсалған екен. Оның ішінде ауылға таза жеткені – 300 миллион ғана.

    – Қалғаны қайда кеткен?

    – Қалғанын қосалқы шаруашылықтар – құс, темекі, жеміс-жидек пен көкөніс, сор­таң жерлер жұтып қой­ған.

    – Сортаң жері несі? Ол қалай жұтып жүр?

    – Сортаң жерлерді тыңайтпай ма – соған “кеткен” шығар. Бірақ, мен Қазақстанда жер тыңайтып жүрген тірі пен­дені көрген жоқпын. Біз­дің жаңа миллиардер­лердің “табысымен” салыстырып қарасаң, бір жарым миллион халқы бар Шығыс Қазақстан облысының бюд­жеті Тимурдың қаржысынан төрт еседей кем – 550 миллион доллар ғана.

    – Ал екі миллионнан астам халқы бар Оңтүстік Қазақстан облысы ше, Тимурмен теңесе ала ма?

    – Қайдағы теңескен – бүткіл бір облыстың шығысы 670 миллион доллар ғана.

    – “Казком” банкісіндегі Нұржанның байлығына да жетпейді екен ғой…

    – Әрине жетпейді… Бірақ мен Нұржанды жаманатқа қимаймын. Оның байлығына – ұлттық бизнестегі жігіттер­дің табысына мақтанамын. Мә­селен, мен Нұржанның бизнесін он бес жылдан бері білемін – тақыр жерден банкі ашып, таза еңбегімен байыған жігіт. Ел ішінен шыққан байлардың табысы түбінде халқына қызмет етеді. Ал Кимнің қызығын кім көреді? Немесе, машкевичтердің байлығы Қазақстан халқына қызмет етеді дегенге сен­бей­мін. Бұлар қазақтың дайын жатқан пайдалы қазбасын оңды-солды сатып, ел есесінен байыған алпауыттар.

    – Сонда бұл халыққа не қалады, Төке?

    – Оны көнбістікпен күн көр­ген, “тыныштық болсын” деп, пеш қасында тыр-тыр қасынып жатқан қазақтан сұраңыз. Сол қазақ осы қа­науға “бізге бұйыртқаны болады” деп, бойкүйез жатса, онда – қайыршылықтан құ­тылмағаны. “Өз обалы – өзі­не” деген осындайда айтыл­ған шығар…



    Бақытгүл МӘКІМБАЙ, “Тасжарған” №10 (38)
     
       
    "АЗАТ" Жалпыұлттық социал‑демократиялық партиясы - 050000, Алматы қ-сы, Қажымұқан к-сі, 70. Тел. +7 727 296 52 22