| 15.03.2007 - Купонның құны қашан қайтар? |
|
Әбілевтің әрекеті басқа қор қожайындарының ашу-ызасын тудырып, қайтпас кекке айналдырды.
Бұл бұқара халықты кім алдамады десеңізші. Анау жоғарыда отырған шенеуніктерден бастап бір-бір билікті тізгіндеген әкім-қаралар, қалталы байлар, тіпті өздері сайлаған депутаттар да берген уәдесінен тайқып кетіп жатыр емес пе. Депутат демекші сайлау науқанында электораттың дауысы үшін отқа да, суға да түсуге дайын тұратын абзал ағайлар жекешелендіру қорларында кеткен салымшылар қарызын қайтарып беруге неге ат салыспай отыр? Кезінде алаяқтардың арбауына түсіп үйіндегі купондарын өз қолымен әкеліп берген аңқау жұрт енді, міне, сол құнды қағаздарының құнын төлете алмай дал. Өткен күзде бірқатар салымшылар бірігіп, қашып жүрген жекешелендіру қорларын «сотқа береміз, қайтарымды өндіріп аламыз», дегендей әңгіме айтып, бастама көтергені бар-тын. Алайда, олардың да үні ұзаққа бармай тынып қалған сияқты. Шамасы, бүгінгінің ит тірлігінен бәшірәсі шыққан қалың бұқара бұл сары қағазыңа да қолын бір-ақ сілтесе керек.
Сол бір тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен елдегі мемлекеттік кәсіпорындарды ашық акционерлік қоғамдарға таратып берудің тиімді тәсілі жүзеге асқан-ды. Бұл шаруаны атқаруда негізгі тетікке айналған кәдімгі қазақстандықтардың қолына ұстатылған жекешелендіру купондары еді. Яғни, осы бір тілім қағаз арқылы жалпақ жұрт бұрындары мемлекеттің құзырында болып келген дүниелердің белгілі бір мөлшердегі акционеріне айналады деген елдің түсіне де кірмейтін керемет әңгімені айтқан. Тіпті, 1993 жылы Елбасы осы инвестициялық-жекешелендіру қорлары хақында қаулы да қабылдап тастаған. Естеріңізде қалса, сол тұста купондар үшін бәйгеге түскен қорлардың жарнамалық жарысы бәрімізді таң қалдырғаны бар. Адамдардың біршама бөлігі билік шығарған ертегіге сеніп, чек кітапшаларын еш алаңсыз таңдаған қорының қоржынына салып берсе, қалған кейбірі мұндай батпан құйрықтың далада жатуы мүмкін емес деген күмәнмен «баю қағазын» шкәптерінің тартпасына тастай салған. Десек те, бұл науқанға Қазақстан азаматтарының 10 млн-нан астамы белсене қатысқан.
Алайда, одан бері, міне, сынаптай сырғыған он төрт жылдың жүзі өтті, саны жүз жетпіске жетіп жығылатын жекешелендіру қорлары бүгінде аузы-мұрнынан ақша құсып, әкесінің мұрасын иемденгендей, миллиардтарды салымшылармен бөліскілері келмейді. Иә, шынымен шылқыған байлықты таратуға алаяқ қорлардың «ары» жібермеді делік, ал мұны бақылауға тиісті Президенттен бастап, Үкімет басшылығы бар, заң орындары бар, көбедей көп өңшең дөкейлеріміз қайда қарап отыр? Жарайды, былайғы халықтың еншісі берілмей, заң талаптары белінен басылсын, ал мұндай қиянатшылықты әділетті Нұрекемнің байқамағаны қалай? Жалпы, біздің елдегі барлық заңдардың сақталу кепілдігі саналатын Президентіміз қорға келгенде неге қорғанып қалды десеңізші? Егер, билік жағы заңның бұлайша тапталуына жол беріп қойса, онда «олардың алаяқ қорлармен мақсаты бір» демеске шараң жоқ.
Он жылдан астам уақыт өткенде, көпшілік қауым купон жайлы әңгімені ұмытып, алғашқы дүрмектің буы басылып қалған шақта Болат Әбілев мырза бір «пәленің» шетін қылтитқан. Нақтырақ айтсақ, «Бутя-Капитал» қоры өз салымшыларын тіркеуден өткізіп, тиесілі тиын-тебенін қолдарына санап бере бастаған. Мұндай жомарттық биліктің әбүйірін әбден масқаралап, жоғарыға деген ел сенімін мүлдем жоғалтқандай көрінді. Себебі, майлы жілікті қолына алғандардың өзінен басқа ешкіммен де байлығын бөлісуге ниеті жоқ еді. Қысқасы, Әбілевтің мына әрекеті басқа қор қожайындарының ашу-ызасын тудырып, қайтпас кекке айналдырды. Бар қаржысын халыққа таратып берген «Бутя-Капитал» табанда жемқор, алаяқ болып сотқа тартылады да, қалғандары тасада тығылып қала береді. Неге? Өйткені, Болат Әбілев қазақстандықтарға биліктегілердің өздерін алдап жүргенін және келешекте де осылай ете беретінін анық байқатты. Сондықтан, әлі күнге дейін созылып келе жатқан 125 томдық сот процесі біріншіден - саяси аренадағы қауіпті қарсыластың бетін қайтару амалы десек, екіншіден - мол байлыққа кенелген қуларды әшкерелегені үшін тағайындалған жазаның түрі.
Қазір де біздің билік кімді қолдап, кімді қорлап отырғаны түсініксіз. Астанадағы алшаң басқан ағаларымыз төмендегілердің мүддесін мүлдем ескермейді, қоғамның зары құлақтарына жетпейді. Кезінде, жекешелендіру науқаны кең етек жайған шақта салымшылардың салған купондарының арқасында елдегі ірі-ірі кәсіпорындар мен комбинаттарды, зауыттар мен фабрикаларды меншіктеп алған акционерлік қоғамның басшылары бүгінде мұртын балта шаппай байып отыр. Ал, сол дәулеттің негізгі еншілесі бейшара халықтың қолында қара бақыр да жоқ. Неге? Себебі, демократияны желеу еткен мына біздің мемлекетте қарапайым адамдардың құқығы еш қорғалмайды да, сақталмайды да. Оны қадағалап отыратын заң орындарының өзі сенімнен кеткен. Жоғарғы жақтағылардан еш қайыр күтпей-ақ қойған жөн. Мұнымен қоймай «ЕҚЫҰ-ға төрағалық етеміз, еңсесі биік елу елдің қатарына кіреміз» деп ұрандаймыз-ай келіп. Халықтың әл-ауқатын көтермекке, әлеуметтік-экономикалық жағдайын түзейміз деген желеумен жыл сайын Нұрекеміз Жолдауын да жолдап қояды. Бірақ, нәтиже жоқ, баяғы жартас сол қалпы. Өткен жылы күз айында Құқық және қоғамдық даму институтының өкілдері біршама салымшыларды жинап, купон мәселесін көтерген. Олардың айтуынша, басқа қорлар да «Бутя-Капитал» сияқты өз акционерлеріне тиісті ақшасын қайтарып беруге міндетті. Егер, ондай қадамға бармаған жағдайда бар мәселе сотпен шешілетінін де білдірген. Алайда, аталған институт мамандары сотқа тапсырылған арыздардың әлі күнге жауабы берілмегенін алға тартуда.
Серік ҚАРАБАС,
«Қазақстан», №10 (150), 15.03.07
|